Маңғыстау облысының тумасы, өнегелі өмірін өңірдің сауда саласының дамытуға арнаған Қаржаубай Аққұловтың аяулы жары Зина Күмісбайқызымен отау құрғанына жарты ғасыр толды. Шаңырақ күні аясында ардагер ақсақал өнегелі өмір жолы туралы айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қаржаубай Аққұлов 1953 жылдың қазан айында Таушық ауылында дүниеге келген. Қарапайым еңбек адамдарының шаңырағында дүниеге келген баланың балалық шағының бір кезеңі Шайыр ауылында өтті.
"Әкем соғыстан кейін механизатор болып еңбек етті. Шешем де қарапайым еңбек адамы болды. 1957 жылы Сам ауылын игеру үшін барлық Маңғыстау өңірінің адамдары сол жаққа аттанды. Біз де көппен бірге қоныс аудардық. Ол жер Қызыләскер деп аталатын. Сонда мектеп бітіріп, ауылда еңбек еттім. 1973 жылы Маңғыстау облысы құрылған соң кеңшарды жұмысшыларымен қамтамасыз ететін кооператив ашылды. Оның барлығы облыстық тұтынушылар одағының жүйесіне қарайтын", - деп еске алды Қ.Аққұлов.
Ол 1973 жылы Маңғыстау жолдамамен өңірге мамандар келе бастағанда өзінің болашақ жарын жолықтырғанын айтады.
"Жұбайым Зина апаларың тауартанушы болып Қостанайдан жолдамамен келді. Бірге жұмыс істедік. Қатар еңбек ете жүріп, көңіліміз жарасты. 1974 жылы наурыз айында шаңырақ көтердік. Кооперация саласында жұмыс істеп жүрдім. Кейін Бейнеу аудандық тұтынушылар қоғамы ашылып, жұмысқа ауыстым. Үйленгеннен кейін Ақжігіт ауылына бас бухгалтер болып келдім. Сол жерде жұмыс істей жүріп, оқуымызды жалғастырдық. Апаларың екеуміз 3 ұл, бір қызды тәрбиелеп өсірдік. Барлығын оқыттық, тоқыттық. Бүгінде олардың барлығы Маңғыстауда түрлі салада еңбек етеді. Сүйін дейтін атаның ұрпақтарымыз. Одан Аққұл мен Ізтұрған деген ұлы болған. Мен Аққұлдың тараймын. Ізтұрған атамыздың ұрпақтары Маңғыстау ауданында тұрады", - деді Қаржаубай Аққұлов.
Жетпістен асқан ардагер мектеп бітіргеннен кейін еңбекке араласқанын жеткізді. Туған жерге қызмет ете жүріп жоғары білім алған.
"Сол кездегі Целиноградтың қар-экономикалық техникумын, кейін Қарағандыдағы кооперативтік институтында білім алдым. 1978 жылы Шетпеге көшіп келіп, аудан орталығында тауар саласында басшылық қызметте болдым. Кейін Шетпедегі көтерме сауда базасының директоры болдым. 1991 жылы Маңғыстау облысы қайта құрылғанда облыстық тұтынушылар одағы төрағасының орынбасары қызметін атқардым. Жұмыс осылай жалғаса берді. Қиын кезеңдер болды ғой. Тұтынатын зат, тауар бағасының бәрі қымбаттап кетті. Дүкендердің барлығы жекеменшікке айналды. Барлық сауда базарға ауып кетті. Сол кезде облыс әкімінің шешімімен "Берекет" коммуналдық кәсіпорны құрылып, соған басшылық қызметін атқардым. Онда базардағы бағадан төмен көлемде күнделікті қажетті тамақтар сатылды. Облыс бойынша 68 сауда нүктесін ашып, халыққа күнделікті қажет заттар сатылды. Сол кездегі жағдайды тұрғындар біледі. Жергілікті әкімдікке бағынатын ерекше қорғалатын табиғи аймақтар деген мекеме ашылып, 6 жыл басшылық жасап, сол жерден зейнеткерлікке шықтым", - дейді ардагер.
Қаржаубай Аққұлов Маңғыстау өңірі облыс болып құрылған соң даму кезеңін назарымнан таса қалған емес дейді. Бүгінде барлық елді мекендердің газбен қамтамасыз етілуі де әлеуметтік мәселенің бір шешімін табуына септесті дейді.
"1988 жылы облыс таратылып, Атыраудың құрамына кірді. Сол кезеңдері жағдай оңай болған жоқ. Облыс жабылған соң көптеген мекемелерге Атырауға барып-қайту қиынға түсті. Себебі, қажетті заттарды бөліп алу деген қиын еді. Соның барлығы қажырлы еңбекпен келді. Облыс қайта ашылғанда 300 мыңдай ғана адам болса, бүгінде олардың саны 800 мыңға жуықтады. Ауылдарға газ тартылып, қаладағыдай өмірге қолжеткізді", - дейді ол.
Өнегелі ата отбасында әкенің рөліне де тоқталды. Үлкенді тыңдаудың қазақы өнеге екенін алға тартты.
"Отбасында үлкенді сыйлап, кішіге қамқорлық жасап, бағыт-бағдар беріп отыру керек. Әке-шешеммен күні кешеге дейін бірге тұрдық. Үлкендердің айтқанын тыңдап, сыйлап, балаларды да соған үйретіп, тәрбиелеп өстік. Балаларымыз құдайға шүкір, әрқайсысы өз алдына үй, балалы-шағалы болып отыр. Мектепте де жақсы оқып, ата-анасына сөз келтірмеді. Біз соған риза болып, әрдайым қуанып жүреміз", - дейді Қ.Аққұлов.
Ақсақалды аяулы жары Зина Күмісбайқызы Қостанайда Маңғыстауға келген кезін ешқашан ұмытқан емес.
"Былтыр ағаларымен 70 жылдық мерейтойымызды тойладық. Биыл отбасын құрғанымызға 50 жыл толып отыр. Ол кезде ата-енеміз болды. Маңғыстауда ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанатын ауылға келін болып түстім. Өзім Қостанайда өстім. Солардың арқасында үйренісіп, ауылға сіңісіп кеттім. Шаңырағымызда салт-дәстүрді әрқашанда берік ұстанамыз. Ата-енеміз тоқсанға келіп өмірден өтті. Солардан алған тәрбиені үнемі балаларға айтып отырамыз. Отбасы болған соң ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің деген сөз бар. Шаңырақтың қасиетін дарытатындай етіп тәрбиеледік. Бірінші еңбекқор болуы маңызды. Шаруашылықтың барлық жағдайын түсінеді. Барлығын өздері жасап үйренген. Үлкенді сыйлап, құрметтеу, кішіге мейірімді етіп тәрбиеледік. Қазір олар өз балаларын қазір солай тәрбиелеп жатыр. Бұл ұрпақ сабақтастығы", - дейді Зина әжей.
Бала тәрбиесіне мән берген Зина Күмісбайқызы бүгінде ұлдары ұяға, қызы қияға самсағанын айтып өтті. Ұяда көргенін бүгінде балалары немелеріне сіңіріп жүр.
"Үнемі шаңырағымызда отбасылық мерекелерді атап өтеміз. Кейбір мәселелерді талқылаймыз. Бұл балалардың бір-біріне жатбауыр болмауына әсер етеді. Білімді саналы ұрпақты тәрбиелеу аса маңызды. Ағаларың екеуіміз балаларды әу бастан білімге баулыдық. Қазір немелеріміздің алды шетелден білім алып келді. Кітап оқу, спортпен айналысу, түрлі үйірмелерге қатыстыру ата-аналық басты міндетіміз болды. Шаңырақтың тағы бір міндеті ол - келін тәрбиелеу. Бұл жұмыстың барлығы енді маған жүктелді. Келіндерімнің барлығы қалада өскен қыздар. Қаланың қыздары орысша тәрбие алған болып келеді. Бұл жолдан өзім де өткенмін. Енемнің өзіме үйреткендерін тәжірибесін соларға үйретіп, соның нәтижесінде келіндерім барлық қазақтың салт-дәстүрін сақтайтын, үлкеннің алдынан кесе-көлденең өтпейтін, үлкеннің атын атамайтын, сәлем салатын, келіндік міндетін атқарып келеді", - дейді әжей.